ТАЛАП

lat: TALAP

ар. зат. 1. Ынта, ықылас, ұмтылушылық.

Сынамасаң жақсының сөзін қорып,

Талабыңды жоғалтар іштен сорып.

«Сандалған түспе ізіме» деген

Абай Жүрсіңдер осы сөзін қалай жорып? (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Бойдағы бар қуаттың бәрін алып,

Қайрат, өнер, талапқа қат қылғандай.

Ойым у, өмірім су, үмітім бу,

Қалмады бір сүйеніш шат қылғандай (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Бұл талап сәті болса таудай талап,

Ниеті қабыл болғай құдай қалап.

Әркімнің жүректегі дертін козғап,

Жазылар талай сөздер неше тарап (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Жалаңашқа киімнің жоғы арманда,

Тоңғанға отын менен шоқ арманда.

Талап қылса, табылар соның бәрі,

Мал жаусын ба оларға жоғарыдан да (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Білмекке талап етіп көрейін деп,

Шын сөзге көңілімді бөлейін деп,

Надан болып қорлықты көргенімше,

Естінің айтқанымен өлейін деп (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Жаман ғой жарлылық күй адамзатқа,

Жақсы емес рақатсыз байлық-бақ та.

Мал жиып бай болуды талап еткен,

Жадыңа бұл кеңесті ұғып сақта! (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Арман еткен баланың Қайырмайық, талабын (Д.Әбілев, Миллиард.).

Талантты өсіретін талап (Мақалнама).

2. Мақсат, тілек.

Қайырсыз неше сараң байлар да бар,

Қайықтай толқындағы қалтылдаған.

Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп,

Ұмтылып, талап ойлап талпынбаған; (А.Байтұрсынов, Шығ.).

34 жылдан бері Мединеде оқып жатқан 10-15 қазақ шәкірттері Медине шаһарында қазақ атына бір зор медіресе салу талабында болған. Сол ниетпен барған қажылардан жылда ақша жинай бастаған (М.Дулатов. Шығ.).

Тау биік, талап таудан да биік (М. Әлімбаев, Өрнекті сөз.).

3. Міндет, жауапкершілік.

Әдебиет өскен сайын оқу-үйрену талаптары да тереңдей беруге тиісті (Ғ.Мүсірепов, Суреткер.).

Ойменен, талаппенен болды сегіз,

Айтылмай енді қалды неменеміз?

Өзге жақсы мінездің бәрі-дағы

Шығады осылардан түгел деңіз (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Таныспай дүниемен талап етіп,

Қалыпты қол тапсырар уағдасы.

Бір күні жоқ боп шықты қашып зытқан,

Айнала қалың орман, тауға шыққан (А.Байтұрсынов, Шығ.).