ТОҒАЙ

lat: TOǴAI

1 з а т. 1. Өзен бойларындағы жабайы өскен әртүрлі қалың қу ағаш. Жарық болды, бозарып, міне, таң атып, Биік тауға сәулесін тегіс таратып. Үнсіз т о ғ а й көгере жана бастады, Айнадай суға көлеңке түсіп тағы атып (М.Дулатов, Шығ.). Сарыарқам қайда? Алыста! Жүрмін мен мұнда нағылып?! Ерте күнде Еділдің Ертегі деген т о ғ а й ы н. Дүлей т о ғ а й ішінде Орманбеттің ноғайын, Арқада жатқан алты алаш Ол күнде болған ағайын (М.Жұмабаев, Шығ.). Еділдің бойындағы кең т о ғ а й л а р д ы, теңіздің жағасындағы қалың нуларды қазақ әуелгі уақытта емінркін қоныстанушы еді (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.). Сапырған сары ожаумен сары қымыз, Ысталған сары местен дәрі қымыз. Қарасаң қалың т о ғ а й толған жылқы, Түн тұрмақ таба алмайсың қарап күндіз (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). 2. Шөл және шөлейт аймақтардың жайылма сулы өзен алаптарында өсетін бұта аралас орман. Орталық Азиядағы Сырдария мен Әмудария, Мургаб, Зерафшан, Вахш, Шу, Іле т.б. өзендері бойында, аралдарда кездеседі. Т о ғ а й д ы ң топырағы хлорлы-сульфатты, тұзды. Су жайылған кезде (жылына екі рет) тұнба топырақпен жаңарып отырады (ҚҰЭ). Т о ғ а й Орта және Орталық Азияның шөл, шөлейт зоналарындағы ірі өзендер жағасындағы жиі, арасынан адам өткісіз терек, тал, шырғалаң, жыңғыл, жиде орманы (Физика. география). 3. Орманның негізгі алқаптан оқшауланған шағын бөлігі. Көк т о ғ а й д а н сәлем жолдап бір ыстық, Мыңсайрамдар көрсетті-ай кеп туыстық Мөлдіреуден мен су ішіп тұрғанда Қарандыздың жапырағын ыдыс қып (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).