ТОҒЫЗ

lat: TOǴYZ

с а н. 1. Сегіз бен онның аралығындағы сан. Ер жетті екі бала сонда тұрып, Жасынан тату болды бірге жүріп. Балалар т о ғ ы з жасқа келгеннен соң, Апарды үйлеріне киіндіріп (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Табысқа сан жетпейді, сән-салтанат, Тамаша үйге кірді т о ғ ы з қабат, Өнерпаз үлгілі елдің болды бірі, Елу жылдың төрінен тұрсаң қарап (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). Поезбен т о ғ ы з күн, атпен үш күн жүріп, Мейрам қазір кең далада келе жатыр (Ғ.Мұстафин, Қарағанды). Әнеукүні Володямен кездеспек болып уәделескен уақыты бүгін кешкі сегіз бен т о ғ ы з д ы ң арасында болатын (Ә.Шәріпов, Қапас.). // Тоғыз жас. Алты жаста Мұсабек Әкесінен айрылған, Қаза тауып анасы, Т о ғ ы з ы н д а қайғырған. Ата-анасы өлген соң Болмады оның панасы (Қ.Жапсарбаев. Сөйле.). 2. а у ы с. э т н. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы үлкен жиын-тойда ат бәйгесіне берілетін сыйлық немесе әртүрлі дауарда төленетін айып. Бас т о ғ ы з ы түйе, екінші т о ғ ы з ы жылқы, аяғы қой (М.Әуезов, Таңд. шығ.). Бұнда да ұлы, орта, кіші аталатын т о ғ ы з д а р сыйланады екен, оған құндыз, бұлғын, тиін сияқты қымбат аңдар терісі қосылып, «тоғыздық» өзгелері үлкенді-кішілі мал-мүліктен құралады екен (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз). Салжан екеуі отырып құдалардың әкелетін т о ғ ы з д а р ы н айтып таңдай қағады (Т.Нұрмағамбетов, Қош бол.).