ТОҚТЫ

lat: TOQTY

зат. этн. 1. Қойдың алты айдан асқан төлі.

Бал ашқан соң оп-оңай бақсы болмақ,

Ол қоя ма ғайыптан хабар бермей.

Тоқты сойып дәндеген тоқтай алмас,

Жылқы ұрлағыш батыр боп о да елермей (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Тай туып, тайлақ қайыған,

Тоқты қоздап байыған,

Малың қысыр қалмаған,

Қулығың құлын салмаған,

Қалың еді ырысың

Көлге біткен жекендей (Дулат Бабатайұлы, Замана.).

Қазақта бастан деген бір ырым бар,

Мал сойып, жастар ойнап, бір жиылар.

Қалқаман «Бастан қыл» деп қызға келді,

Азар болса бір тоқты шығын шығар» (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

2. Сойылған тоқтының еті.

Ол екі арада Ұрқия етін түсірді.

Қонақтарының қолына су құйып, дастарқан жайды.

Төсін салып, семіз тоқтының жарты етін түгел асқан екен. Он шақты тоқтының майдайы екен ғой (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Ер жігіт ек өтімді,

Енді бірден өтпейміз.

Ақсақ тоқты секілді

Алыс ұзап кетпейміз (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).