ТӨЛЕУ

lat: TÓLEÝ

зат. 1. Ақша яки заттай мөлшерлеген баға, құн, ақы, төлем.

Әскери губернатор бұл жолы да жөнді жауап бермеді, тек қолындағы тұтқындардың төлеуі деп үш жүз жиырма жеті сом ақша жіберді (I.Есенберлин, Қаһар).

Тоқты қой болып, баспақ сиырға айналып, соның төлеуінен құтыла алмай, Жайынбайдың есігінде әйелімен екеуі бес жыл жұмыс істеді (А.Тоқмағамбетов, Жыр.).

Қалмаққа біраз төлеу біз берейік,

Мал беріп қалың қолын жіберейік.

Алып қап бастықтарын аз нөкермен.

Өнерін қарашының соң көрейік (И.Байзақов, Құралай.).

2. Қайтарылған қарымта, өтеу.

Шал сөз төлеуін алса да, әлденені әлі де көре түскісі келгендей көз алмай аз тұрды (Ә.Әбішев, Найзағай).

Алты айғы азаптың бар төлеуі осы ғана (Ғ.Мүсірепов, Кездесп. кет.).

Бердім, ұлым, тілегіңді, төлеуін

Қайтара алсаң кеудеңдегі отпенен?!

Иә, иә, балаусаға тас атқан жан оңбайды,

Деді жігіт, жұмбағыңыз күрделі-ақ,

Әйтсе де, оны жұмбақ деуге болмайды (М.Шаханов, Ғасыр.).