ТӨРТ

lat: TÓRT

сан. 1. Үштен кейінгі есептік сан, 4 цифрінің атауы.

Төрт кісі мінген сайлап қасқа арғымақ,

Бөлініп сол бір топтан келеді аулақ.

Жаңағы менің айтқан жоқтауларым,

Тиіпті құлағына оқтай заулап (К.Әзірбаев, Шығ.).

Қасым. Менің жолдасым. Уфада төрт жыл бірге оқып едік. Бөкей ордасының жігіті. Осы күні Орал облысында Темір уезінде Қалмақ қырған деген жерде мұғалімдік етіп тұрады (М.Дулатов, Шығ.).

Осы айтылған төрт кесел, 

Жасымда болды көзге шел.

Қырыққа келіп астым бел,

Деді бір ой көзіңді аш! (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Төрт жағын бірдей қоршаған тау ортасы шынында да шұп-шұңқыр қазан сияқты (Р.Райымқұлов, Болаттың сынығы).

2.мат. Натурал сандардың ондықтар жүйесіндегі үштен кейінгі сан.

3. пед. Оқу орындарындағы білімді бағалаудағы баға.

Медаль жоқ, әкем естіген,

Ұрыспас білем мұны мен.

Аттестат болса «бес»түгел,

Бір «төрт» бар неміс тілінен (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).