ТҰМАН

lat: TUMAN

зат. 1. Атмосфераның жерге таяу қабатына ұсақ су тамшыларынан немесе мұз кристалдарынан жиналған бұлдыр ауа.

Сұр бұлт түсі суық, қаптайды аспан,

Күз болып дымқыл тұман жерді басқан.

Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,

Жылқы ойнап, бие қашқан, той жарысқан (Абай, Тол. жин.).

Ештемені айырып болмайды, тұман ба, түтін бе, көшелері түгел жайлап алған (Д.Досжанов, Жусан мен гүлдер).

Бұл тұманның қоюлығы, тығыздығы, қалыңдығы сонша, ешқандай күн сәулесін өткізбейді (С.Ерубаев, Менің құрдастарым).

Күзгі түн.

Тұман, тыныш маң.

Айнала жым-жырт, тым-тырыс.

Күндізгі ауыр жұмыстан

Алған-ау ауыл бір тыныс (М.Мақатаев, Шығ.).

2. ау с. Болашағы жоқ, күңгірт, белгісіздік.

Сүйекті өрт мүжіген, күйік шалған,

Жілікті сынып қалған, қиып салған,

Бір шебер көлбеңдейді көз алдымда

Тұманның арасынан тұйықталған (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

Көк тұман алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.

Көп жылдар, көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған (Абай, Тол. жин.).

Оқи алмай ғылым тілін,

Тұман болып жарық күнім,

Қасықпен аршыдым жылым,

Не көрмеді ғарып басым (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Қарттардан кетті ауырлық,

Сопыдан кетті сабырлық,

Тұман басты заманды,

Біз заманға не қылдық? (Кердері Әбубәкір, Қазағым.).

Тұман боп жанары,

Әкең де, шешең де қалады.

Достарың күңіреніп,

Еңліктің әніне салады,

Әкең де қалады,

Шешең де қалады,

Баласын,

Баласы әкетіп барады (М.Мақатаев, Шығ.).

3. ауыс. Қиындық, қайғы-қасірет.

Көшекеңнің Әлиге

Сонда тұрып айтқаны:

Әкімісің Әліби,

Мұңдылар мен шерлінің

Басына тұман түскен күн (О.Шипин, Дастан.).