ТҮС

lat: TÚS

зат. 1. Жеті спектрден қызыл, көк, жасыл, сары, қара, қоңыр, ақ бояудан тұратын заттың түсі, бояуы.

Баланы сұлу искусствомен терең таныстыру керек. Бала неше түрлі сұлу үндерді естісін. Неше түрлі сұлу түрлерді, түстерді көрсін (М.Жұмабаев, Шығ.).

Қызыл түсті жиыпты іңір,

Көзден бояу таса қылмай.

Қып-қызыл көк сүйіп бір ұл,

Жүзі өртенген жас арудай (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).

Көр, қара, ішіне кір, далаға шық,

Бір өрнек бір өрнектен барады асып,

Мың түспен құлпырып тұр бұл мұнара,

Бояуға ана сүті араласып (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.).

Түсі қандай, түрі қандай,

Тамыры бар неше тал.

Тесе қара, тексере алмай

Ұқпадым деп айтпа жал (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

2. терм. Спектрдің көрінетін бөлігіне сай келетін электромагниттік сәулеленудің спектрлік құрамына және оның шағылысу қарқындылығына сәйкес көру сезімінде әсер тудыратын денелердің қасиеттері (ҚҰЭ).