ТҮС

lat: TÚS

ет. 1. Көліктен шығу, аттан түсу.

Абай арбадан түсіп, топқа араласа беріп еді (Ә.Әуезов, Таңд. шығ.).

Сол жерде жалғыз өзі атыс салды,

Шақырды артындағы бала, шалды.

Айқасып көп жауменен жүре берді,

Алты адам сол арада түсіп қалды (Қ.Жапсарбаев. Сөйле.).

Аттарынан түсе қап,

Сарбаздар да атысты,

Оққа байлап бір-бірін,

Сығаласып жатысты (О.Шипин, Дастан.).

Жатыр, міне, Батыр аға,

Өз бақытын бақ демеген.

Түсіп қалды жаңа ғана

Өмір атты ақ кемеден (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

Балалар машинадан түсіп бойларын жазып, айналамен танысты (С.Бегалин, Мектеп.).

2. Жер бетінен тереңдікке, суға, шұңқырға ену, құлау.

Батырға Бектепберген айтты сонда:

– Шырағым, мұны алам деп әуре болма,

Шанышқы керек мұны аулау үшін,

Кетерсің суға түсіп құлап жарға,

Болмаса ататұғын мылтық керек,

Төкеңе садақ істет үйге бар да (О.Шипин, Дастан.).

Алды-артынан атқан соң,

Сасқалақтап солдаттар

Ерсең-қарсаң жүгіріп,

Жылымға түсіп қырылды (О.Шипин, Дастан.).

Қарар емес шуға да,

Тікірейіп тұлдана.

Ет-қызумен байқамай,

Түсіп шықты суға да (C.Жиенбаев, Алтын қалам).

3. Бір жерге келіп орналасу, жайғасу.

Біраз күн шетте аялдап, Бардық Арлан, Шомайға,

Түстік қонақ үйіне,

Төріне шығу оңай ма?! (О.Шипин, Дастан.).

Жиырма шақты комбайн бүгін екі-үш бригаданың жеріне бөлініп түсіп, сары алтынды толқыта сыпырып орып барады (Б.Тоқтаров, Қыран.).

4. Жоғары оқу орнына емтихан тапсырып, қабылдану.

– Мейіз де пединститутқа түсемін, оқу оқимын дейді (С.Бегалин, Уақыт.).

// Оқуға, мектеп, медресеге бару.

Бір жасап, екі жасап, Әзім өсті,

Сонан соң медресеге барып түсті.

Аз жылда жақсы ғылым нәсіп етіп,

Жас жігіт жүзі нұрлы көңілі өсті (Абай, Тол. жин.).

5. Жолға, бағытқа ыңғайлану, сол бағытпен жүру.

Паядыр өзі батыр, өзі күшті,

Қылмаған қазақ ұлы мұндай істі.

Шұбырып бір жылғаға түсе қалды,

Сол жерде Молалының суын ішті (Қ.Жапсарбаев. Сөйле.).

Ташкеннен тура тартатын

Түспек болдық соқпаққа (О.Шипин, Дастан.).

6. Қызметтен босау, айрылу.

– Бұл болыс түскен жоқ па еді? – деді Мардан (I.Жансүгіров, Шығ.).

Патша тағынан түсіп, Жәуке түрмеден құтылып үйіне келіп еді (Б.Майлин, Таңд. шығ.).

Балалық аңғалдығыңмен,

Даналығыңмен,

Кемшілігіңмен

Өлеңнің елшісі өзіңсің әлемде

Түссең де Чилидің Франциядағы елшілігінен

Қашанда тынымсыз, мазасыз дария көңіл

Сен де тұр қатарға Рафаэль Альберти қариям менің

Сан ұрпақ мақтанды батыр атам деп

Сен де оян қане, ақын Махамбет (М.Шаханов, Ғасыр.).

Орныңнан тұра шабасың,

Атшабар келсе қышқырып,

Ояз келсе қайтер ең,

Айдаһардай ысқырып.

Отырасың үйіңде

Өз-өзіңнен күш кіріп,

Босқа-ақ түсіп қаларсың.

Біреу кетсе үшкіріп!... (Абай, Тол. жин.).

Түскенін айтып патшаның

Жаңа болған заң түрін

Халыққа тегіс естіртті (О.Шипин, Дастан.).

7. этн. Жолаушының жолай ауылды жерге тоқтап, демалуы, дәм татуы.

Амангелді сөйлейді:

– Жолдағы елге түспепсің,

Ешкімнен сусын ішпепсің,

Алып қашып тізімді,

Елге арамдық істепсің (О.Шипин, Дастан.).

8. Құлдилау, биік жерден төменге қарай жүру.

Қаратаудың құзынан

Аяңдап түстім төменге,

Сарқырап аққан бұлақтар

Басып жатыр өлеңге (О.Шипин, Дастан.).

9. Жоғарыдан төменге қарай салмақпен құлау.

Алдындағы лапасын

Күл-талқан қып ұшырды,

Зеңбіректің оғы кеп,

Өзеннің биік жарына,

Қалың қарға түскенде,

Бұрқ-бұрқ етті ойран боп (О.Шипин, Дастан.).

Жерге түскен мына қыран,

Өліміне сенсең мақұл.

Суырылмаған қынабынан

Сұп-суық бір семсер жатыр (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

Бесеуі бірден жеткен соң,

Болмады жанды аяуға.

Түсті құлап бәрі де,

Ұқсап түбір сояуға (О. Шипин, Дастан.).

10. Таңбалану, бір нәрсенің белгісі салыну.

Қамысты кейде кіріп көлге қарау,

Паналап із түспейтін тасты қамау,

Қазан мен екі арасы екі айлық жер,

Көп жүріп Москваға жетті жаяу (О.Шипин, Дастан.).

11. Қамалу, байлану, бекітілу.

Тоқсанда – торға түсіп торығарсың,

Бәйтерек құлап түскен қырқылмай-ақ.

Келбетің келіспейді, кейпің нашар,

Құр кеуде кебенексің, шешінбей-ақ (О.Шораяқов, Шайыр.).

12. Ажырау, жұлыну, алыну.

Теріден түктің бәрі түсті күйреп,

Сүйекті жалын қауып, ыстық илеп,

Жығылдым, жындар күлді сықылықтап,

Үстінде пері ойнақтап, мыстан билеп (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ.).

13. Көлеңке, жарық, сәуле т.с.с білінуі, байқалуы.

Жаздың түні барқыт еді әдемі,

Ашық еді бүкіл аспан әлемі.

Ай сәулесі түсіп тұрды жүзіңе,

Қабағында сәл көлеңке бар еді (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

Туған күнің құтты болсын, сүйгенім,

Сен жоқ кезде түспейтіндей үйге күн.

Сен жоқ кезде сөз болып па күлгенім,

Сөз болып па ішкен-жеген, кигенім! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі.).

14. этн. Қонақ болу, үйге кіру, ат басын тіреу.

Кейіннен арамызға кісі түсті,

Ол кезде би мен манап, болыс күшті.

Билігін айтпақ болып дау-жанжалдың,

Сау етіп солар біздің үйге түсті (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

15. жағымсыз. Жаман жолға салыну, жаман іске берілу.

Жас туған балалары кішкене екен,

Мешітбай сараң жолға түскен екен.

Қымыз құймай таңертең айран берді,

Сорлыны зар илетіп піскен екен (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Дүние қусаң қашар, қашсаң жетер.

Өмірді жетемін деп қума бекер.

Дүние ені жалпақ, түбі терең,

Көп адам аттай алмай түсіп кетер (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Әр адам өз аузына ие болса,

Қызырдың жолығады қорғауына.

Кейбіреу айтар сөзін біле алмайды,

Түседі сол сөзінің торлауына (Қабан жырау. Алтын қазық).

16. Тап болу, ұшырау, пайда болу.

Атағыңа, ардақты аға, құмар едім,

Нашарға саяқ түскен шынар едің,

Қасыңда тоғыз жігіт жолдасың бар,

Жақтырсаң мен де бірге шығар едім (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті,

Алып жүрген суының бәрін ішті.

Адам, хайуан бәрі де бірдей шөлдеп,

Басына құдай салды қиын істі (Абай, Тол. жин.).

Таусылды бір күндері қаптағы астық,

Басына балалардың түсті аштық.

Дөңбекшіп түніменен жата алмайды,

Көңіліне бейшараның келіп пәстік (О.Шораяқов, Шайыр.).

Жігітпін жоқ ешкімнің даңқында еші,

Әйтеуір жыр ақынның алтын кеші.

Мен мұнда үйретпеймін, билетпеймін,

Кеп түстім балпан басқан қалпымда осы

Мәртебең жерде тұрмақ жыр өзі ілген,

Жөн ғой, жөн өзіне көз тіге жүрген.

Мен мұнда ұстаз да емес, шәкірт те емес,

Кеп түстім жайбарақат мінезіммен (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).

17. Бомба т.б. жарылғыш заттардың құлап, жарылуы.

Нажағайдай шартылдап, Зеңбіректі атқанда,

Снаряд түсті күрілдеп (О. Шипин, Дастан.).

18. Шешілу, айырылу.

Егіннен егіншілер өнім алды,

Ел болды егін бітіп жалшы, жарлы,

Тон түсіп үстерінен, үй түзетіп,

Жандары жарлылардың рақаттанды (О. Шипин, Дастан.).

19. Негізгі мағынаны беретін етістікке тіркесіп қимылдың тез, аяқастынан болғанын білдіреді.

«Бұқа буға, азбан дуға»,

Хан қарық боп түсіп жүр айғай-шуға.

Етімді шал сипаған құрт жесін деп,

Жартастан қыз құлапты терең суға (Абай, Тол. жин.).

Елу бесте біз-дағы,

Сенісер адам таптық па?

Арыз құмар болғандар

Опыр-топыр, шақ-шұққа

Түспей жүр ме, көрдің бе,

Жалаң-жұлаң тақ-тұққа? (Абай, Тол. жин.).

Шықпайтын тайып түссе тұңғиығың,

Көздерің барып қайттық өткеліне.

«Жылаған көздің жасын көрді ме?» – деп,

Ойлап ем: «Бетім бір беттеді ме» (О.Шораяқов, Шайыр.).

20. Негізгі етістікке тіркесіп қимылдың үдей түскенін, күшейгенін білдіреді.

Сезімсің бе сен туған бір жаңбырдан?

Мөлдірей түс, соның үшін жан құрбан.

Өртей-өртей өкпем оттай қып-қызыл,

Ішіме енді жабамысың тандыр нан?! (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).

Жарты ғасыр болыпты-ау

Жазғаныма мен өлең,

Әлі де болса толықтау

Жаза түссем деген ем (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

Адам күліп қарсы алады таң нұрын,

Адам жырлап жөнелтеді әр күнін.

Сәл қайғырса, ол ұғына түседі

Дүниенің кеңдігі мен тарлығын (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

Кім кесті екен егіз жүрек арасын?

Кім жазады

Жазықсыздың жарасын?

Қияға кетіп,

Қайырылмауға қисаң да,

Қымбатты жан боп қаласың,

Қымбаттай түсіп барасың (К.Салықов, Жезкиік.).