ТҮСІНІКТЕМЕ

lat: TÚSİNİKTEME

зат. 1. Бір нәрсе жайлы деректеме, анықтама.

Көріп отырсыздар, бұл арада ешқандай түсініктеменің қажеті жоқ (Ғ.Мүсірепов, Суреткер.).

2. ресми. Қызмет бабында ресми түрде анықтауды қажет ететін мәселелер туралы себебін айтып жазатын хат, құжат.

Әсіресе Бақжанов түсініктемені қашан бересің деп алқымынан алды (Е.Оразақов, Дәрігер.).

3. әдеб. Көркем шығарманың қандай жағдайда, қай уақытта жазылғаны жайлы анықтама, оның идеялық мазмұнын, құрылым бітімін терең танып-білуге қажетті деректер.

Кең мағынада қандай да бір айтылған ойды, келтірілген дерек мағлұматты анықтай түсу, мағынасын ашып беру. Әдеби шығармаға берілген түсініктеме бірнеше саладан тұрады. Шығарманың мәтіні немесе қолжазбаның қандай (қашан, қайда жарық көрген) басылым негізінде берілгенін көрсету т.б. (ҚСЭ).

4. Сөйлеген сөзге, мәтінге берілген анықтама, түсіндірме.

206 ескертулер мен түсініктемелерді қосып жеке кітап етіп бастырып шығарған еді (“Білім және еңбек”).

Көптеген шетелдік бұқаралық информация құралдары бірқатар елдердің мемлекет және қоғам қайраткерлері КПСС Орталық Комитетінің 1983 жылғы декабрь Пленумының қорытындыларына... баға бере отырып, осындай қорытындыға келген. Түсініктемелерде СССР Жоғарғы Советінің кезекті сессиясының талқылауына ұсынылған Советтер елінің 1984 жылға арналған жоспары мен бюджеті КПСС-тің экономикалық стратегиясына сай келетіні атап көрсетілген (“Соц. Қаз.”).

5. инф. <comment> Алғашқы программадағы түсінік беретін мәтін; программаның орындалуына әсер етпестен программаға кейбір түсінік ретіндегі мәтіндерді қосуға мүмкіндік беретін қарапайым конструкция (Қаз. тілі термин. Информатика.).