УАҚЫТ

lat: ÝAQYT

зат. 1. филос. Материяның үздіксіз дамуы мен өмір сүруінің объективті бір формасы; мезгіл, мерзім.

Ажыратса уақыт бізді,

Бақ табамын қайда барып.

Сені көрмеу бақытсыздық,

Жетімшілік айдан анық (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

Адам қандай бақытты еді,

Арман болса біреу үшін.

Сақтап жүр ме уақыт мені,

Адал жардың тілеуі үшін (С.Мәуленов, Алыс кет.).

Табысқа табыс ұласты, кәрілер орнын жастар басты, уақыт, өмір заңы мен талабы осындай (Ә.Жәмішев, Армысың.).

Отырсаң нәнсінбей, ірісінбей,

Қор боласың бірақ та бір іс өнбей.

Ондай кезде уақыт та аяңшыл-ақ,

Аяз күнгі адамның жүрісіндей (Қ.Мырзалиев, Домбыра).

2. Сәт, кез, мезет.

Бұл сөзді естігенде жаман састым,

Көңілімді тәуекел деп азар бастым.

Уақыт болып қалғанын байқаған соң,

Сарайда қалағадарға амандастым (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Неше тарау жұрт керегін жаза білсек, істей білсек, әлі де алдымызда уақыт бар. Бірақ не себептен екенін білмейміз “Қазақ” газетін аузына алмаса, “Айқаптың” көңілі көншитін емес (М.Дулатов, Шығ.).

Бұл көзім жоқ болса да бардай көзім,

Жоғалған шыны ғашық жардай көзім.

Қайғыдан босанарлық уақытым жоқ,

Көміліп топыраққа қалмай көзім (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Тұруға уақытым жоқ сөзді ұзайтып,

Барамын асығыспен елге қайтып.

Сусын деп у беретін сұм сарайдың,

Кетейін кейінгіге сырын айтып (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Сағатыма қарасам, сменаға баратын уақыт боп қалыпты (А.Жақсыбаев, Менің дос.).

Сөйте тұра бұл сорлыбас осы уақытқа дейін Ақбаян сенікі емес дегенге түсінбейді (I.Есенберлин, Алтын құс).

Ерте уақытта жан-жақтан келетін тоғыз торап жолды шөп басқан (Ғ.Мұстафин, Қарағанды).

3. ауыс. Заман, дәуір.

Түсің суып кеткен екен,

Алам десең алып қал!

Не қыласың таласып?

Бұ да бір уақыт шығар!  (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Біржола өлсе, әйтеуір, жұмыс бітті,

Бұл Мәжнүн екі өлімнің бірін күтті.

Зәйіт кеп бір хабарын білдіргенінше,

Болар ма мұнан қиын уақыт тіпті? (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Көтер, досым, көтер бекер тұрмалық.

Жаңа уақыт келе жатыр нұрланып.

Сағат тілі он екіні соққанда,

Оқып берем жүрегімнен жырды алып (Қ.Мұқашев, Жер.).