ҰЗЫН

lat: UZYN

сын. 1. Қысқа емес, шұбатылған.

Бір ұзын өмір жолы тұйықталды,

Шат күлкі еріндерде ұйып қалды.

Қаралы қасіреттің Қаратауы

Зілдей боп басты бір сәт иықтарды (С.Мәуленов, Алыс кет.).

Атаны бала алдады,

Шешеге назар салмады,

Теңгерер жақсы қалмады

Қысқа менен ұзынды улат Бабатайұлы, Замана сазы.).

Бетіме келмес бейне бол,

Көңілдің көп қой сайтаны.

Тіл деген ұзын, кейде ол

Ессіз бір сөздер айтады (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

Биіктен де секірді,

Ұзыннан да қарғыды.

Ешкімге жол берген жоқ,

Болды әр кез алдыңғы (О.Шипин, Дастан.).

Шеңберге ұзын арқан байлаңдар, тартып алайық (Әәрсенбаев, Толқын да.).

Жібек мінез, жігері мол қарындас,

Жүрегінде у менен бал аралас.

Дүние өзгерді, көрмегелі көп болды,

Тәңірі берсін ашық бақыт, ұзын жас (М.Жұмабаев, Шығ.).

Өмір зәндем. Қара бұлтты қара түн.

Естімессің қара өмірде жылы үн.

Ұзын жолда арып, жасың төккенде,

Жұбататын жақын, жолдас, жарың кім? (М.Жұмабаев, Шығ.).

Ұршыққа оралған жіптей басы-аяғы жоқ қыстың ұзын кеші еді (М.Жұмабаев, Шығ.).

Ә дегенде ашу қысып жанып ем,

Ауыр ойлар басып, назаланып ем.

Мың бейнетпен ұзын күнді өткізіп,

Күнде ертең деп күте-күте талып ем (М.Жұмабаев, Шығ.).

Ұзын Орал күн мен түн шекарасы,

Өлім түн, өмір гүлді Гун даласы.

Өмір менен, өлімнің шекарасын

Ұйықтап озбақ ежелден жер баласы (М.Жұмабаев, Шығ.).

Соғыста бәрі қырылса, қасиетті тілек те жарыққа шықпай қалады ғой, міне, сондықтан олар ұзын түндерде батпақтың сасығымен уланып, орманның мылқау күйін тыңдап, ауыр ойларда болды (М.Жұмабаев, Шығ.).

Шұбалтып ұзын шаш қойып,

Шылдырлап шолпы тақпады.

Шапке киіп, папке алып,

Баяндама жаттады (М.Жұмабаев, Шығ.).

Қалада үш шақырымға созылған бір-ақ ұзын көше бар еді (Ғ.Мүсірепов, Таңд. шығ.).

Ұзын көйлекті бәйбіше аяғын ақырын басады (X.Есенжанов, Ағайынды.).

Ұзын өлке, жота мен төбе аман бол,

Тайлақ би, ел жақсысы көп аман бол (Батырлар жыры).

2. Аласа емес, биік.

Әкемнің тоны бар еді,

Оны алып шетке қойды да,

Көріп ап біраз әуелі,

Кигізді ұзын бойлыға (C.Жиенбаев, Алтын қалам).

Жаямын бірде қозы, бірде қойды,

деймін шілдехана, күнде тойды,

Болғанмен киім жаман, әнім тәуір,

Баламын жас өспірім, ұзын бойлы (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Онан сон, сені алайын талды салып,

Шығарсың ұзын талдан тістеп алып.

Не де болса кешікпей тез істелік,

Қапы болар қақпаншы келіп қалып (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Ол ұзын бойын иместен тік жүріп келеді (Ғ.Мұстафин, Қарағанды).

Текше таудың бауырында ұзын терек болатын еді (С.Ерубаев, Менің құрдас.).