ҰЛТ

lat: ULT

зат. 1. Тіл, территория, экономикалық өмір тұтастығы негізінде және психологиялық мінез-құлықтың ортақтығы негізінде қалыптасқан адамдардың тарихи әлеуметтік, этникалық тұтастығы.

Қилы күнде жаралған басқа бәсі,

Нүкіс көркем қазіргі астанасы.

Шымбай сыйлы көнекөз қарт секілді,

Қарақалпақ ұлтының бас қаласы (К.Салықов, Жезкиік.).

Олар кетсе... ақымақтар есірді,

Олар кетсе, Ел жүрегі тесілді.

Атылғанда Сәкен, Ілияс, Бейімбет

Ұлттың басы кеңірдектен кесілді (К.Салықов, Жезкиік.).

Тіл ұлтымның анасы

Ақ сүттей бойға татынған.

Тіл бар қазақ санасы

Елдікке дербес шақырған (К.Салықов, Жезкиік.).

Адамы қапылысты қанша ұлттың,

Кешегі көзді жеген ақша-құртың,

Көрсетті алпыс айла, қырық мінез

Кәсібін аймандай ғып барша жұрттың. (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ ).

Арман, арман-арман едің сен де бір

Мемлекетім қазағымдай ер көңіл.

Сен жасайсың бақыты үшін ұлтымның,

Көтересің, көтергендей жерде гүл! (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

Әрбір ұлттың шегінгенін, өскенін

Ақынына қарап білу керек деп.

Байтақ дала ақынымен даңқты,

Алып қана тудырады алыпты (М.Шаханов, Ғасыр.).

Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы (ҚР Конституциясы).

Көшпенді ел аңдай үркіп қазақ ұлты,

Күнелткен күңіреніп азапты күн,

Қалың жауған қар қырып төрт түлігін,

Аңдай шапқан жау айдап түскен үйін (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Кеңес Одағы мен КОКП-да орын алып отырған ұлттарды кемсітушілік саясатын әшкерлейтін 670 дана мақалалар мен үнпарақ таратады («Егемен Қазақстан»).

Өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлттарды ұнатпайды (Ә.Нұршайықов, Ақиқат).

Ұлтым қазақ,

Өзім қазақ,

Қарапайым солдатпын (Ә.Сәрсенбаев, Өлеңд.).

Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден (Ә.Бөкейханов, Шығ.).

Ұлттың сақталуына да, жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы тіл («Қазақ”).

Пролетариат диктатурасы жарияланған елде ұлттардың өзін-өзі билеу мәселесі туралы сөз болуы мүмкін емес (М.Шоқай, Таңд.).

Ұлттың саяси жаңаруына Әзірбайжанның тәуелсіздік күні Ресей қаласындағы түрік тектестердің ұлттың саяси жаңаруына бастама болып саналады (М.Шоқай, Таңд.).

2. Ұлтқа тән, ұлттық.

Жаңа ел жолдағылар мен қазіргі оқығандарды салыстыруға болмайды, қазіргі оқығандарды ұлт намысы бар, бұрынғылардан фактілері көп ашық (М.Дулатов, Шығ.).