ҰСТАУ

lat: USTAÝ

Ұста етістігінің қимыл атауы.

1. Бір нәрсені қолмен қармап тұту.

Гәуһарды саған бермей кеттім алдап,

Ұстауға қолың жетпес енді қармап.

Мұны алсаң әлем асқан бай болушы ең,

Ала алмай өкініште қалдың зарлап (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Бір кезде көрінетін құрыш-балға

Қолдары жасқаншақтап гүл ұстауға,

Біразы аңсағандай тыныштықты,

Ертерек бара жатыр тыныстауға (C.Жиенбаев, Алтын қалам).

Оралханның жарқыраған кең маңдайы, екі қасының ортасындағы көзге көп шалына бермейтін тарыдай меңі, толқындай бұйратылған шашы, қыр мұрыны, өңіндегі күлген сәтте де табы кетпейтін мұң ізі, тік қарағанда өңменіңнен өтетін ойлы көзі, тек қалам ұстауға ғана жаратылғандай сүйрік саусақтары қайсыбірін айтайын-ай, бәрі-бәрі тек Оралханға ғана тән, жаратылысы ерек таза жанына жарасып тұрар бөлек мінез еді-ау («Қаз. әдеб.»).

Күйге түсіп айтқан кезде бір мұнды

, Күміс үнді көмекейім қылғыңды.

...Ұмтылғанда сүйенетін тіреуге...

Саған жетпей, ұстаушы едім құрбыңды (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә.).

2. Белгілі бір жерде болуын қадағалау.

Сатыбалды Жәнібекке қойды тым ұзатпай жақын маңда ұстауды ескертті де, әйеліне үй-ішін буып түйіп, дайын отыруды тапсырды (Қ.Жұмаділов, Көкейкесті.).

3. Қолға түсіру, қамау.

Исатайдың халық көтерілісін ұйымдастырып жүргенін естіген Жәңгір хан Исатай мен оған серік Махамбетті ұстауға Қарауылқожа бастаған бір топ адам жібереді (С.Мұқанов, Халық мұрасы.).

Әлқисса, губернатор кеткен соң, Амангелді мен оның адамдарын ұстауға Торғайдан Ткаченко деген приставты елу солдатпен шығарады (О.Шипин, Дастан.).

Соның нәтижесінде шақырусыз келгендерді ұстау және кейін қайтару жұмысы жақсарды («Егемен Қазақстан»).

// заң. Қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселені шешу, ұсталған адамның қылмысқа қатыстылығын анықтау мақсатында қылмыс жасады деп сезіктелген адамға қолданатын қысқа мерзімді мәжбүрлеу шарасы.

Ұстаудың негіздері мен тәртібі арнаулы заңдар мен ережелер де көзделеді (Заңи термин. түс. сөзд.).

Ұстау құқын, тек бас бостандығынан айыру, түрінде жаза қолдануға болатын қылмысты жасады деп сезіктелген адамдарға ғана қатысты, анықтау органдары мен тергеуші пайдалана алады (Заңи термин. түс. сөзд.).