ҰЯЛШАҚ

lat: Uıalshaq

сын. 1. Ұялғыш, ұяң.

Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?

Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?

Махаббат ғадауат пен майдандасқан,

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? (Абай, Тол жин.).

Ол ұялшақ, тартыншақ, тұйық болғандықтан, көпшіліктен аулақ жүргенді жақсы көреді (Психология.).

Сол бір кездер есіңде ме, құрбы қыз,

Көңіліңде қалмады ма кірбің із?!

Балаға тән мінезіңмен ұялшақ (М.Шаханов, Ғасыр.).

Жас дәрігердің ұстаз алдында сынақтан өткен ұялшақ шәкірттей бір түрлі ыңғайсызданған түрі бар (С. Омаров, Өмір.).

Бұндай ұялшақ, момын бала Әбішке анық ұнады (М.Әуезов, Абай жолы.).

Жұмсақ мінезді адам ұялшақ келеді (М.Жұмабаев, Шығ.).

2. ауыс. Меңіреу, құлазыған.

Осы ұялшақ тыныштықты не жетеді бұзғанға,

Бірақ біздің жігітіміз ұяң еді қыздан да

Ару соны сезінді ме, әлде үміті жанды ма,

Қалтасынан кестеленген орамалын алды да,

Туған жердің топырағын түйіп берді жігітке,

Кім біледі, сол сәт жаны берілді ме күдікке (М.Шаханов, Ғасыр.).

Ойларыма жібер ұшқыр қиял сап,

О, қайыңдар, тұрмын сенен күй аңсап.

Ол да сендей қаз омырау, сұңғақ бой,

Ол да сендей кей кездері ұялшақ (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.).