ҮҢГІР

lat: ÚŃGİR

зат. 1. Таулы жерде кездесетін табиғи, я болмаса қолдан кеуектеп қазылған қуыс.

Көтерді басын сонда батыр Сәмен,

Жатқалы жаралы боп біраз заман.

Еңбектеп үңгіріне қайта кірді,

Қалғанын жанының біліп есен-аман (Ә.Найманбаев, Шығ.).

Мен көрдім сондай үңгір қыз мекенін,

Асықтың арманда өткен із мекенін.

Талпынған талапты жас, тыңдасаңыз,

Айтайын Айсұлудың кім екенін (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Аман ба Оқжетпес пен Абылай алаң,

Жұмбақтас көлге түсіп, ой ойлаған.

Аман ба хан Кененің қара үңгірі,

Ақ семсер сол арадан жауға ойнаған? (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

2. геол. Жер бетімен бір немесе бірнеше жол арқылы байланыстаын жер асты қуысы.

Негізінен әктас, доломит, гипс және басқа оңай еритін жыныстардың жуылып, шайылуы нәтижесінде пайда болады. Мұз үңгірлер де кездеседі. Дүниежүзіндегі ең үлкен үңгірлер АҚШ-тағы Мамонт үңгірлері (300 км) (Физ. геогр. термин. сөздігі).

3. <франц. grote> Теңіздің жағалауындағы тау жыныстарын шаюынан пайда болған үңгір, кейде жасанды үңгір (Физ. геогр. термин. сөздігі)