ҮШІН

lat: ÚSHİN

шыл. Зат есімге, есімдіктерге, етістіктің қимыл атауларына, кейбір есімшелерге тіркесіп, оларға, мақсат, себеп, арнау мәнін үстейтін септеулік шылау.

Халқы үшін туған қайратты ер

Айырмайды жақынын,

Бірдей көріп жырақпен.

Аңдасып ақыл тең болмас

Алысқан жерден жығатын

Денеге біткен қуатпен (Базар жырау, Шығ.). 

Жетіп келіп Еспембет

Ақтамберді ер, деді,

Мен барамын сен үшін,

Кезегіңді бер,деді (Дулат Бабатайұлы, Замана сазы.).

Жоқ, оның үшін неге келсін, Мәмбеттің болыстығын өзіне әперуге келген шығар (М.Дулатов, Шығ.).

Әрбір торға байлады, Әр түрлі малдың баласын. Бір құс үшін тоздырды Астындағы атының Құлагердің тағасын (Қ.Жапсарбаев, Сөйле.).

Байтабын жұрт көзіне түспес үшін, қасына жігіт ертпей, сол түнде-ақ жүріп кеткен (I.Есенберлин, Қаһар).

Плеврит ауруынан кейін өкпе кеудеге жабысып қалмас үшін дене шынықтыру жаттығуларының пайдасы зор (М.Сисекенов, Өкпе ауру.).