ШАЛБАР

lat: SHALBAR

зат. 1. көне. Бұтқа киетін қой не ешкі терісінен, қазіргі кезде матадан тігілген ер адамның сырт киімі.

Бешбет, шалбар сукнодан

Тігінші тіккен ақша алып.

Күміс баулы сағатым

Қойнымда жүр сақталып (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Жейде-дамбал ақ саңнан, жаррақ шалбар,

Жырым балақ, матамен өдіптеген (Абай, Тол. жин.).

Жылқышы малының бүлінгеніне кейіп жүрсе, біздің жігіттер шалбар, дамбалы сауыс тер болып, құйрығы ойылып қалғанын уайымдап: «Иттің малы!» деп мінген аттарын боқтап мықшиып, талтақтап жүр (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Байдың зекетіне тар шалбарлар қызыққан екен деп Алла тағала хазретлері бізге нәсіп етіп тұрса болар ма? (М.Дулатов, Шығ.).

2. Әдетте ер адамға арналатын түрлі матадан тігілген бұт киім; сым.

Жәпек әбдіренің түбінде жатқан ши барқыт шалбарын киді (3.Иманбаев, Кей аймақ).

Мақталы сырма шалбар киген, малақайын қолына ұстап тұр (К.Тоқаев, Тасқын).

Әй, тыртығым, тыртығым,

Қамын ойлап жұртының,

Бүтіндей де алмапты-ау,

Шалбарының жыртығын... (М.Мақатаев, Шығ.).

Жойқын соғыс бәрін де тонап алды,

Заманы алай-түлей бола қалды.

Аналар көйлек емес, шалбар киіп,

Шарт буынып, қолына орақ алды (М.Мақатаев, Шығ.).