Бойтұмар

lat: Boıtumar

Хамаил тұмар, ырымдық зат. Хуруз (көпшесі ахраз), хамайа, хафиз, уза, мааза, нусха, тилсам немесе тиласм (грек.) және т. б. деп те аталады. Діндарлар бойтұмарды пайдалануды жаратпаған, алайда ол халық арасында кең етек алған; Бойтұмарды негізінен дәруіштер мен балгерлер беретін. Бойтұмар жазылған сөзі бар, белгі немесе сурет сызылған бір немесе бірнеше бет кітапша түрінде болған. Оған кез келген бұйым (ұлутас, тас, сүйек т. б.) немесе арнайы жасалған ішінара қымбат заттар да алынған, оларға жазу жазылып бедер суреттер түсірілген. Бойтұмарды алқа, кішкене қорапша әмиянға салады немесе былғары яки шүберектен жасалған қалташаға тігеді, үлкендігі мен пішіні әртүрлі болады. Бойтұмар мен ырымдық заттарға Алланың асқан теңеулері (99 “ғажайып есім"), періштелердің есімі (Михаил, Жебірейіл, Әзірейіл, Исрафил: үндес есімдер Қайтар-Майтар, Талих-Илих, Киташ-Иакинташ, Харут-Марут), "ұйқыдағы жетеу" мен Құран аяттары, астрологиялық ишаралар (зодиак белгісі), каббалистикалық жазбалар (дөңгелек, сақина, өрнек, ”ай", "тәж" қосылған әріптер) жазылады. Сондай-ақ көзі әріп немесе санмен толтырылатын 9 немесе 16 бөлік қасиетті шаршылар сызу, нүкте немесе сызықшамен адамның қолын, алты бұрыш жұлдызды, әредік періштелердің, адамдар мен жануарлардың бейнесін салу дәстүрі болған. Бойтұмар мен ырымдық заттардың көз тиюден, жылан мен қарақұрт, шаян шағудан, пәле-жаладан, апаттан қорғайтын киелі қасиеті жазылған араб тіліндегі орта ғасыр әдебиеттері (грекшеден аударылған, немесе мұсылман авторларының тел туындылары) өте мол. Ал, Бойтұмар мен ырымдық заттарды қасиет тұту дәстүрінің түп төркіні мұсылман дінінен әріге салды. Оның жасалуы мен пайда болуы Адам-ата, Сүлеймен патша, Балинас әулие (Балинас эл-Хакім) және Гермес Трисмегист (Джармис эл-Муссалис) есімдерімен байланыстырылады.