ШАТҚАЛ

lat: SHATQAL

зат. 1. Тар қыспақты сай, аңғар.

Көз айырмай, шатқалда

Күзетем мен түнді бұл.

Кірпікті бір қаққанда,

Кететіндей бір ғұмыр... (C.Жиенбаев, Алтын қалам.).

Ат терлете

Көктеп өтіп шатқалды

Біраздан соң қуғыншылар кеп қалды.

Қыз бейшара тұманданып көз алды.

Бір қызарды,

Бір сұрланды,

Бозарды,

Әбден қанып ұғықан соң мән-жайға

Қияқ мұртты қыз ағасы сөз алды (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Шыланып суға шыршалар тұрса қапталда,

Шыршадан өріп киіктер шықса шатқалға.

Арнасын керіп, аңырап жатса ақ өзен,

Еңіреп бұлттар жер ауып бара жатқанда (М.Мақатаев, Шығ.).

Алыста Ауылымда анашым бар.

Арада жатыр шатқал, Ала шыңдар,

Дәрі боп, Дәрмек болып, Азамат боп,

Ағайын, сол кемпірге қарасыңдар! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).

2. геол. Таулы өлкелерге тән, түбі терең (тереңдігі 1800 м-ге дейін) әрі тар, беткейлері тік аңғар.

Шатқалдың тереңдігі енінен артық болады, негізінен өзен суы эрозиясының тұрақты әрекетінен қатты тау жыныстарының мүжілуінен, сондай-ақ тектоникалық қозғалыстардан жер қабығы жарылуы нәтижесінде түзіледі (ҚҰЭ).

Kaньoннaн aйыpмaшылығы шатқал тaбaнын өзeн apнacы түгeл aлып жaтпaйды (Қаз. тілі термин. Су.).

3. ауыс. Қиын-қыстау кез, ауыр жағдай.

Адам жаны таулы шатқал, алуан-алуан қыры бар,

Осы қыздың жүрегінде не сыр барын кім ұғар? (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Бір сұмдық, естігенім, шын болар ма?

Жүргендей ұя таппай күн қонарға,

Көзіме елестейді өмір-шатқал,

Тар жолда құлаған ат, сынған арба (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).