ЖҮРЕК

lat: JÚREK

Калб. жүрек терминінің мағынасы мұсылман дінінің ілімінде, әсіресе, мистицизмде оның Құран мен хадистерде қолданылу жиілігімен және өзіндік ерекшелігімен анықталды. Құранда ол (133 рет кездеседі) діни ақиқаттарды ұғынып, түсінетін иман мен тақуалықты сақтайтын дене мүшесі. Құранда “күнәкарлар" мен 'дінсіздерді", “қатыгездерді" "тас жүрек" ету арқылы Алла оларды өзінің рақымынан айырып, ақиқатты білмеуге және тозақтың азабына душар еткені жазылған. Түсіндірмешіліктің өріс алуына байланысты терминнің көптеген жаңа мағыналары пайда болды. Кейін суффизмде бұл "ғылым" мистикалық тұрақ және "ахуал" туралы ілім дәрежесіне көтерілді. Мутазилашылар болса жүректің қызметін айрықша атап көрсетіп, оны шын мәніндегі ойлау процесімен теңестірді.

Жүрек суфизмдегі шешуші ұғымдардың бірі болып табылады. Алғашқы сопылық түсіндірмешілер жүректі адамды періштеден де биік қылатын, адам табиғатындағы "тәңірлік құпия", жаратушыны қабыл алатын, адамның Құдаймен тілдесетін орыны, 'Құдірет тағы", "асыл қазына қоймасы, заттың ішкі мәнін көре білетін таным құралы есебінде қарады. Пайғамбарлық борыш туралы ілімде "Мұхаммедтің жүрегі" тән жаралмай тұрғанға дейін адам жанының мәңгілік алдында ақиқатқа жетуіне жарық сәуле шашқан шамшырақ. Суфизмде жүрек ұғымы зікірмен тығыз байланысты: нағыз зікірдің құралы тек тіл ғана емес, адамның бүкіл дене мүшесі, ең ақырында солардың бәрінен маңыздысы Жүрек. Жүрекпен жасалған зікірдің нәтижесінде Алла мистиктің жүрегіне қабылданады" да оның іс-әрекеті Құдайдың еркіне ұласады, сопы тәңірілік сыңарға айналады. Жүрек Құдайды бойға қабылдай алатын дүниедегі жалғыз мүмкіндік деп саналды. Сопылык,жүректанудың" әсерлерін қорытындылаған әл-Ғазали жүректі әрі дене мүшесі, әрі жартылай рухани мағына деп анықтады, жүрек адамның ең жоғарғы және ең төменгі болмысын біріктіреді. Әл-Ғазалидің тұжырымдауынша жүрек адам денесінің барлық мүшелерімен байланысты және "мемлекет әміршісі" секілді оларға билік жүргізеді. Бір жағынан тілек пен құштарлық, екінші жағынан дене мүшелері жүрек тіршілігін қолдап отыру үшін қажет. Әл-Ғазали жүректі адамның іс-әрекетін көрсетуші айнаға теңеді: тақуалық істер жүректі "жарқырата" түседі, оны тәңірілік пайымшылдыққа, тәңірімен тілдесуге жақындастырады, жаман істер, керісінше, тумандатып, алыстата түседі. Иби Арабида дәстүрлі түсініктермен бірге жүректің концепциясы оның “болмыстың бірлігі" туралы ілімімен байланысты. Оның көзқарасы бойынша адамның жүрегі біртұтас тәңірілік. Кейбір сопы, сондай-ақ шиит ойшылдары жүректі Құран сөзінің “құпия" мағынасын және жалпы сезіммен тыс танымды ұға алатын мүше деп білді.