ШАШ

lat: SHASH

зат. 1. Адамның бас терісіне біткен жіңішке көп қыл.

Түзетіп киіндіріп, шашын тарап,

Айнаға ықтиярсыз тұрды қарап (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Қураған шынар көгеріп,

Қу тұқыл алды қуатты.

Ақ маңдайлы арудың

Жұпармен шашын сылатты (Дулат Бабатайұлы, Замана сазы.).

Қас жүйріктің белгісі

Құлағын тіктеп қаранған,

Жарауы түсіп жануар

Алдына жалғыз жан салмай,

Жұма сайын жол алған.

Қас сұлудың белгісі

Ақ сабынмен жуынып,

Түрмемен белін буынып,

Қиғаштап шашын таранған (Базар жырау, Шығ.).

Ол кезде қыз киеді кұндыз бөрік,

Қадаған үкілері берер көрік.

Етегін оқалаған бешпент киіп,

Әсемдеп шолпы таққан, шашын өріп (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

2. биол. Эпидермистін жіпшебітімді қылтық өскіндері.

Шаш түбірінің негізінде (түк баданасында) клеткалардың көбеюінен шаш түзіледі (Қаз. тілі термин. Экология).

Шаштың микроэлементтік құрамын талдау ластанған қоршаған ортаның халықтың денсаулығына әсер-ықпалын бағамдау кезінде кеңінен қолданылады (Қаз. тілі термин. Экология).