ШАШ

lat: SHASH

ет. 1. Бір затты әр жерге таратып салу, төгу.

Жауын болса бақырып ыққа қашар,

Сырын алдым, жауынға, қысқа нашар.

Болады екен сайтандар жамырауық,

Лақтар да секіріп шөпті шашар (Бақтыбай ақын, Жел қобыз).

Сұрадым барып орманға,

Жоқ болды оның айтары.

Жапырағын шашып жолдарға

Ақырын басын шайқады (С.Мәуленов, Алыс кет.).

Жиналдық бес жүз әйел Құмтөбеге,

Шашқандай інжу-маржан бұл төбеге,

Кененді сол төбеге отырғызып,

Өнерін көрсетсеңіз әйелдерге (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Иісі бойды алып,

Шырша мен аршаның,

Ойнаған ойда ағып,

Су шашып кәусарын (С.Мәуленов, Алыс кет.).

2. Бүрку, шашырату, себу.

Күміс шашып ойнайды күн кірпігі,

Ақшоқының қызу еңбек күн-түні.

Бұлақтардың жорға жүріс бүлкілі,

Абай айтқан масатыдай қыр түгі (С.Мәуленов, Алыс кет.).

Сарқырап өзен суы асып-тасып,

Қарғалы, Шамалғанмен қатарласып,

Қосылып сай-салалар қуанғандай,

Заводқа құйып жатыр гәуһар шашып (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Шашатын уылдырық күндер туып,

Ойласар ұрпақ қамын бірге тұрып.

Сол кезде түседі еске жүрген шағы

Су астын махаббатқа бір толтырып (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

Бәрі кеп мая шөпті бұзбақ болды,

Шекесі мінген көлік қызбақ болды.

Көлігін шөпті   шашып байластырды,

Сымбалдап арқан, жіппен бумақ болды (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Әулігіп жөн сөйлемей жұртты үркітер,

Жын шашқан жөңше нардың өңешіндей.

Болғанмен өзінше озат, өрісі қысқа,

Тарпаңның тарта салған өресіндей (Базар жырау, Шығ.).

3. Тарату, жаю.

Қосылып алтын қорымас

Мырыш пен мыс, жезбенен,

Меруерттей сөзбен шашайын

Бойыма біткен асылым

Ақындық әсер куатын (Дулат Бабатайұлы, Замана сазы.).

Сендер берген шаттық бар келбетімде

Түгел шашсам жететін жер бетіне.

Түгел шашсам әлемді бақытты етер,

Соның үшін төгем мен уақытқа тер (Т.Айбергенов, Мен. ғашық.).

Бір жоғалсаң жоғаласың ай бойы:

Көше бойы, теңіз бойы, сай бойы...

Шығын емес шығыныңыз мың сомдай:

Шашсаң шаштың арасына күн салмай! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).

Айтар тұста тауып айттым,

Не таптым?

Айбалтадай шауып айттым,

Не таптым?

Дау-дамайдан қашып бақтым,

Не таптым?

Тапқанымды  шашып бақтым,

Не таптым? (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).

Бір Құдай жер жүзіне шашқан несіп,

Барша жан жүрген жоқ па теріп жесіп (Ш.Құдайбердиев, Өлеңд.).

Барына әркім сараң болып кетті,

Бай малын, өнерпаздар ғылым шашпай (М.Дулатов, Шығ.).

4. ауыс. Жиған-терген мал-мүлікті, қаражатты орынсыз жұмсау, ысырап қылу.

Пара беру жолымен штаршын иә болыс болғандар шашқан шығынын момын халықтан және жауласқан адамдарынан «Қарашығын» деген атпен әлденеше есе етіп қайтарып алады (С.Мұқанов, Халық.).

Үкіметтің қаржысын оңды-солды шаша беруге болмайды (Ә.Тарази, Бұлт.).

5. ауыс. Ысырап ету, рәсуалау.

Кездескенде жалқау тартқан басын изеп өтеді -

Ұлын ертіп соңынан.

Жылдар бойы алаңдаумен қуатымды сарқыдым,

Босқа шаштым жүрегімнің жарқылын (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Бітеді деп озумен қашан бәйгім,

Бір сетімді бекерге шаша алмаймын.

Түні бойы түсіме жұмыс кіріп,

Күні бойы қағаздан бас алмаймын (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).

6. ауыс. Өз ішінен бір затты бөліп шығару.

Жартыкеш айдың жарығы теңірекке болымсыз сәуле шашады (Т.Мизамбеков, Ұзақ жаз).

Үстіміздегі кең аспан жерге нұрын шашып тұр (Ж.Саин, Таңд. шығ.).