ЫРЫМ

lat: YRYM

з а т. 1. Жақсы ниетпен жасалатын әртүрлі әдет-ғұрып, көне дәстүр. Ескіден қалған бұрынғы, Бәтуалы ы р ы м д ы, Адаспастай даңғыл сол Қасым салған қасқа жол Шиырға салып із кетті (Дулат Бабатайұлы, Замана.). Қазақта бастан деген бір ы р ы м бар, Мал сойып, жастар ойнап, бір жиылар. Қалқаман «Бастан қыл деп қызға келді, Азар болса бір тоқты шығын шығар» (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). 2. Жақсы ниетке негізделген нышана, көрініс. Ұл балаға ы р ы м болсын деп, оған күні бұрын ат қойып қойды (С.Омаров, Өмір.). Кедейлер ырым етер, ырымы қырн кетер (Абай, Тол. жин.). Теңіздің жағасында кемпір мен шал Тұрыпты отыз үш жыл нақ дәлме-дәл. Күн көрген бейшаралар балық аулап, Болмапты төрт түліктен ы р ы м ғ а мал (А.Байтұрсынов, Шығ.). 3. п е д. Жақсылыққа құштарлықпен жасалған әрекет. Ы р ы м н ы ң тәрбиелік мәні зор, Ғылыми негіздері бар. Мысалы, нәрестенің кіндігін жаны жақсы адамға кестіру, баланың тұсауын жүйрік, не атақты адамға кестіру және т.б. (Қаз. тілі термин. Педагогика.). Қазақ ы р ы м д а р ы шаман дінінен, ісләмнан бастау алады және аралас, құранды болып та келеді (Х.Досмұхамедұлы).