ІЗДЕУ

lat: İZDEÝ

1. Ізде етістігінің қимыл атауы. 1. Қарастыру, табу.

Қарсақбай уезінің жанынан келешекте қала салынарлық орын іздеу (Қ.Сатпаев, Қазақстан.).

Жалпы кедей болып оқыған балаларға бөтен ағымнан сақтап, дұрыс жол іздеуге шақырды (I.Омаров, Серпін).

2. Жоқты табуға әрекеттену.

Сумен қамсыздандырудың көптеген түрлері үшін жер асты суларын іздеу мен барлау осы мәселелерді бастыларының бірі болып саналады (К.Сапарбайлы, Геология.).

Жолдағы үйлерді ойластырып шығып, не де болса, оны іздеуге кірісті (Б.Қыдырбекұлы, Ұры.).

Қызғылт қара ала торғайлар таң сәріден қараңғы түскенге дейін үйір-үйір болып далада қорек жем іздеумен болады (Р.Ә.Әлімбаев,... Құстар.).

Адамзатта достық сезім аққу-сынды киелі.

Тіршілікте әсемдікті іздеуден бір танбаған,

Аққудың қос қанатындай самғаған,

Біз Жайықпен екеуміз

Иықтасқан, тұтасқан бір дене едік (М.Шаханов, Ғасыр.).

Құс іздеумен болдыртты

Астына мінген көлікті (Қ.Жапсарбаев. Сөйле.).

3. Жоқтау, керексіну.

Іздеудің енді реті келмейтіндей,

Кездесу көңілге сәт бермейтіндей.

Ауылға барғым келсе, күдіктенем

Жеңгейлер сен қайда деп тергейтіндей (К.Салықов, Жезкиік.).

Бала едік қой, балдырған, кешегі біз,

Теңеу іздеу жоқ еді есебіміз.

Табиғатты сендей деп, сені дағы

Табиғаттан тапқан соң еселіміз (К.Салықов, Жезкиік.).