ІНЖУ

lat: İNJÝ

зат. Теңіз түбіндегі карбонит құрамды, меруерт бағалас қымбат асыл тас; теңіздік, тұщы сулық қос жақтаулы моллюскілер қабыршағының ішінде дамитын домалақ, сопақша, бұрыс пішінді келген минералдық түзілім.

Інжудің заттық құрамы моллюскі қабыршағының заттық құрамымен бірдей. Інжудің түсі ақ, алқызыл, сары, кейде қара болады. Жарықты құбылтатын сыртқы әдемі кейпіне байланысты зергерлік істе қолданылады. Басқа асыл тастар сияқты алқа, жүзік, сырға, түйреуіш және т.б. әсемдік бұйымдар жасауға пайдаланылады. Жасанды түрлері де бар (Қаз. тілі термин. Тамақ.).

Інжу көп сақталады, інжу аса ұзақ сақталатын асыл тас (А.Мырзабаев, Химия.).

Қарасаң алтын шығар ма

Күңдердің тезек салған қабынан?!

Ніл дарияның інжуі Іздесеңде шығар ма

Арқаның лай қағынан?! (Кердері Әбубәкір, Қазағым.).

2. Асыл, қымбат, бағалы нәрсе.

Бойлатпас тереңім-ай!

Өнерге керегім-ай!

Ұйқасқа інжуіңді

Қосып мен өремін-ай! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі.).

// Кейбір ұлулардың денесінде дамитын шар тәрізді не бұрыс бітімді түзілім. Ұлу бақалшығы мен ұлпасының арасына түскен құм түйірі не паразит айналасына біткен перламутрдан түзіледі.

Дұрыс бітімді ірі інжу әшекей ретінде өте жоғары бағаланады. ХХ ғ. қолдан өсірілетін болды (Қаз. тілі термин. Геология).