ІНІ

lat: İNİ

зат. 1. Бірге туған ер адамдардың жас жағынан кішісі.

Екеуі жетім еді әкесі өлген,

Талаптан жетеміз деп, бос жүрмеген.

Тігінші, кестеші еді кіші інісі,

Мұстапа суретшілік ғылым білген (Абай, Тол. жин.).

Атаң болса анаңмен

Қоршап тұрған қорғаның,

Жақсы болса келінің,

Ардақтысы ол жанның.

Ағаң болса ақылды,

Арқа сүйер тірегің.

Інің болса жанашыр,

Семсер ілген білегің.

Дос-жарларың қадірлес

Көзің менен құлағың (Ә.Найманбаев, Шығ.).

Жеткіз сәлемімді

Өзімдей ініме.

Кейімесін мынау күніне.

Шын жаралыстың салған жолы бар,

Болар күні

Жалғас түніне. (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Ұрқия өлген жетінің ішінде Ақанның жақсы көрген бір інісі өліп, қасірет үстіне қасірет жамалады. Жараланған жүрек жазылу үшін тағы махаббат іздейді (М.Жұмабаев, Шығ.).

2. Жалпы жасы кіші ер адам.

Өңі бар өнерлі інім, сізге

Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.

Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,

Есіл өнер қор болып кетер түзге (Абай, Тол. жин.).

3. этн. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде кішіні бауыр, жақын көріп, іш тартып айтушылықтағы атау сөз.

Бұлар шулап бір күні келді ордаға,

Хан мен уәзір қарайды тамашаға.

Бәрі де есі шығып, жынды болған,

Бос шулап жүр кіші іні, үлкен аға (Абай, Тол. жин.).

Дүние үлкен көл,

Заман соққан жел,

Алдындағы толын ағалар,

Артқы толқын інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер (Абай, Тол. жин.).

Беремін Жамбыл ата, ыстық сәлем,

Біледі даңқыңды күллі әлем.

Сағындым сақ-сақ күлген күлкіңізді,

Елің мен күтіп отыр інің Кенен (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Сабыр қыл, і н і м Төребай,

Билігің бар дауға сай.

Ерлігің бар жауға сай,

Басынан бұлт аспайтын

Абылайдың тауындай.

Нар көтерер жүк болды

Бұлтқа кіріп тұрғандай,

Төбеден ауып күн мен ай.

Ысқақ мырза аттанды

Он сегізде жасында-ай... (Базар жырау, Шығ.).

Сағади енді маған тек қана дос емес, туысқан іні болады (А.Байтанаев, Қансонар.).

Дұғадан ініңізді тастамаңыз,

Есітіп сәлематыңды кош боламыз.

Хан болып алтын таққа мінбесең де,

Жақсы деп үміт етеді астанаңыз (Кердері Әбубәкір, Қазағым.).