ІРІМШІК

lat: İRİMSHİK

зат. 1. Майлы сүтті қайнатқаннан шыққан ақшыл сарғыш түсті қоймалжың өнімді қатырып жасаған дәмді ұлттық тағам.

Өзіңе өзің тұсау сап,

Кедергі жасап барыңа,

Бар болса қолда айраның,

Ірімшік, құрт, қаймағың,

Қанағат қылсаң болмай ма?

Көксемей-ақ қымыз, ет (Дулат Бабатайұлы, Замана.).

Көк шығып, жердің жүзі жайнағанда,

Басына бұлбұл қонып сайрағанда.

Қойдан қатық, сиырдан айран ұйытып,

Тыста құрт, үйде ірімшік қайнағанда (Ә.Найманбаев, Шығ.).

Дастарқан үстінде бармақтай болып піскен қоңыр бауырсақпен аралас құрт пен ірімшік төгілген (I.Есенберлин, Қатерлі.).

2. тамақ. Сүтті арнайы өндеуден өткізу арқылы алынатын сіңімді тағамдық өнімдердің бірі.

Ірімшікті адам организмі түгелге жуық (98–99%) сіңіреді (Қаз. тілі термин. Тамақ.).

Ірімшік дайындаудың технологиясы: сүтті қабылдау мен сорттау, сүттің ұюын бақылау, сүтті ұйытуға әзірлеу (қалыпқа келтіру, пастерлеу, ашытқы қосу, минералды заттар қосу), сүтті ұйыту, ұйындыны өңдеу, ірімшіктің ұйындысын өңдеу (ұйындыны бөлшектеу, араластыру, ірімшік ұйындысын екінші рет қыздыру, оны араластыру, ірімшікті қалыпқа салу, сығып, сарысуын шығару, тұздау); ірімшікті жетілдіру (Қаз. тілі термин. Тамақ.).