Сұраныс бойынша 23 нәтиже табылды

  • Ақпан

    lat: Aqpan

    зат. сөйл. ауыс. Бір шаригі жетіспейді, ақылы кем.

    – Соны қойшы. Оған айтқан сөз шығын. Ақпан ғой нағыз. Өзге айлардың күні толық, тек ақпанға жетпей қалған ғой, - деп тыжырына сөйледі (Қ. Қараманұлы, Ай куə, 44).

    Дереккөз: Б.Қалиев. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 2014. - 728 б.

  • Ақпан

    lat: Aqpan

    Қыстың қаңтардан кейінгі соңғы айы. Шопан ақпанның аяғына дейін отарды өрісте жайып баққан (Б. Асанбаев). Қазақстанның оңтүстік облыстарында ақпан айы екіағайынды деп аталады (М. Ысқақов). Үт айының ақырында, наурыздың бас кезінде ауа айы айнымалы ғой (Ө. Көшімов). Биыл февраль айында күн әдеттегіден гөрі жылылау болды (А. Байтуғанов).

    Дереккөз: Бизақов С. Синонимдер сөздігі. - Алматы: Арыс баспасы, 2007. - 640 б.

  • АҚПАН

    lat: AQPAN

    зат. Қаңтардан кейінгі наурыздан бұрын келетін ай.

    Осы ақпан мен қаңтардың қызыл шұнақ аязында жаяулап бізбен бірге сүмеңдеп келе жатырсың... Ой, шіркін-ай, не деген ақымақсың! - дедім (С.Сейфуллин, Тар жол.).

    Ақ қырау тұрған ақпанда, Ағаштар сырға таққанда. Бозарып тұрып ақ таңда, Есіңе мені алғайсың, Есіңе мені алғайсың! (М.Мақатаев, Шығ.).

    Басталар қысқы аяз ақпанменен , Сонарда түлкі аулайды қақпанменен (Базар жырау, Шығ.).

    Қоян жылының қақаған қысы болатын. Қаңтары сары аязға, ақпаны қара дүрсін боранға ұласып, білгенін істеп тұрған-ды қыс (С.Әлжіков, Дала.).

    Дереккөз: Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 1-том / Құраст. Т. Жанұзақ, С. Омарбеков, Ә. Жүнісбек және т.б. - Алматы, 2011. - 752 б.

  • Ақпан желі

    lat: Aqpan jeli

    Суық жел.

    Соғады қарсы алдымнан ақпан желі, Өзенді көргеміз жоқ аққан кері. Әйтеуір бір сәуле бар жүрегімде, Өлтірмей алып келе жатқан нені (Т.Молдағалиев, Шақырады көктем).

    Дереккөз: Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 1-том / Құраст. Т. Жанұзақ, С. Омарбеков, Ә. Жүнісбек және т.б. - Алматы, 2011. - 752 б.

  • Ақпан соқса өлмейтін, тоқпан соқса өлмейтін

    lat: Aqpan soqsa ólmeıtin, toqpan soqsa ólmeıtin

    Шыдамдылық, төзімділік туралы айтылады.

    Дереккөз: Фразеологиялық сөздік

  • Ақпан төңкерісі

    lat: Aqpan tóńkerisi

    1917 ж. 27 ақпанда (12 наурыз) Ресей империясында патша өкіметін құлатып, елде буржуазиялық-демократиялық республика орнатқан төңкеріс. Төңкеріс нәтижесінде ресми билікті қолына алған Мемлекеттік думаның шешімімен Уақытша үкімет құрылды. Ақпан төңкерісі жеңісінің ең маңызды нәтижесі – елде саяси бостандықтар орын алып, бүкіл қоғамдық өмірдің демократиялануы болды. Бүкіл аймақта саяси бостандықтар (сөз, баспасөз т.б.) жүзеге асырыла бастады, партиялар мен басқа да саяси ұйымдар құруға рұқсат етілді. Алайда Ақпан төңкерісі қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін, мысалы, соғыс және жер мәселелерін шеше алған жоқ. Жаңа үкімет органдарын құру ұзаққа созылды. Жер-жерлерде Уақытша үкіметтің органдарымен қатар, орталықта Петроград кеңесі басқарған Жұмысшы, солдат және шаруалар кеңестері құрылды. Осылайша, елде қосүкіметтілік (ресми Уақытша үкімет және Кеңестер) жүйесі қатар орын алды. Уақытша үкімет Қазақстанда кадеттерден, эсерлерден және өзінің саяси бағытын жүзеге асыруға сенімді деп табылған қазақтың зиялыларынан өлкелік, облыстық және уезд комиссарларын тағайындады. Мысалы, Ә.Бөкейхан Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы, М.Тынышпаев Жетісу облысындағы комиссарлары болып тағайындалды. Қазақстанның уезд, облыс орталықтарында Уақытша үкіметтің жергілікті органдары қалыптасты. Олар негізінен жергілікті орыс буржуазиясының, кәсіпкерлердің өкілдерінен құралып, кадеттердің, эсерлердің және соларға жақын саяси партиялар мен қозғалыстардың мүшелері болды. Уақытша үкіметтің өлкедегі ұлттық тірегі 1917 ж. наурыз айынан құрыла бастаған қазақ және мұсылман комитеттері болды. Олар негізінен сол жылы шілде айында қазақтың ұлттық Алаш партиясын ұйымдастырған Ә.Бөкейхан басқарған зиялылардың жетекшілігімен құрылған болатын. Қосүкіметтіліктің дүниеге келуі елдің қоғамдық-саяси өмірінің тұрақсыз екенін көрсетті. Барлық билік не Уақытша үкіметтің, болмаса Кеңестердің қолына көшу тиіс еді. Ақырында, саяси тұрақсыздық Қазан төңкерісіне ұласып, Уақытша үкімет биліктен тайдырылды.

    Дереккөз: Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы. Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: Сардар, 2014. - 528 б.